Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінде бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдау салтанаты өтті.
ҚР білім беру саласында ҚХР озат тәжірибесін кісіби-техникалық білім беруде қолданылатын еліміздегі ең алғашқы инновациялық жоба болып саналатын колледжіміз 12 жыл уақыт мерзімінде 3000-нан астам түлекті ұядан ұшырып, еліміздің экономикасының қажетті кәсіби білікті, бірнеше тілді қатар меңгерген жаңа буын, жас мамандар тәрбиелеп шығарды.
Биылғы оқу жылында білім ордасына «Аударма ісі» және «Туризм» мамандықтары бойынша 210 студент қабылданды. Олардың 100-і мемлекеттік білім беру грантының иегерлері.
Дәстүрлі шараға колледждің профессор-оқытушылары мен есімі елге белгілі түлектері қатысты.
– Қош келдіңіздер, құрметті 1-курс студенттері! ХХІ ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан білімді жастардың ғасыры. Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. «Білім» атты ғажап әлемнің сырларын бойға дарыту үшін ерен еңбек етіп, зерек те зейінді, алғыр да тапқыр, білгір де білікті болатындарыңызға кәміл сенімдеміз. Колледж табалдырығынан аттаған мыңдаған студенттеріміз қазіргі таңда еліміздің, сонымен қатар, халықаралық ірі компанияларда жемісті еңбек қызметін атқаруда. Біздің студенттеріміз-біздің мақтанышымыз! Қазақстандағы көшбасшы оқу орнына түсулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, білім алу жолындағы сапарларыңыз сәтті болсын! – деді салтанатты жиында сөз алған оқу орнының басшылары.
Сонымен қатар, кеш барысында оқу орнының қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ студентке арнайы Алғыс хат табысталды.
Өз кезегінде бірінші курс білімгерлері «Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің» студенті деген атқа лайықты болуға ант беріп, символдық «Студенттік билетке» ие болды. Қабылдау кешінің соңы оқу орнының өнерлі жастарының мерекелік концертіне ұласты.