2018 жылдың 22 қыркүйегінде Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі қабырғасында «Тілдер мерекесіне» арналған салтанатты іс-шара өтті.
Аталмыш мереке дәстүрлі түрде 1998 жылдан бастап тойланып келеді. Бұл мерекелік күннің басты мақсаты-Қазақстан азаматтарының бойындағы ана тіліне деген құрметпен махаббат сезімін тәрбиелеу, өзге ұлттардың дәстүрі, тілі, құндылықтары туралы студенттердің санасын кеңейтіп, сыйластықпен қарауға үйрету. Тіл-халық тарихы, ұлтының соққан жүрегі. Қазақ тілінде біздің ата-бабаларымыздың үні сақталған, жыры жатталған. Қазақ тілі сөздігінде 166 мыңнан аса сөз кездеседі және баршамызға айқын, қазақ тілі-әлемдегі ең көркем, сөздік қорға бай әлемдік тілдердің бірегейі.
Салтанатты шара «Тіл-татулық тірегі» тақырыбында өтті. Біздің колледждің студенттері өздерінің қазақ, орыс,ағылшын және қытай тіліндегі шеберліктерін ортаға салып, білімдерін көрсетті. Мерекелік шара барысында ән, би, сахналық қойылымдар, түрлі қызықты ойындар тілдің қоғамдағы маңызды орнын айқындай отырып, өз жалғасын тапты. Шараға дайындық барысында студенттер қазақ тіліміздің қыр-сырынан сусындап, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген ортақ қорытындыға келді.
Әр тұлға үшін ана тілі-әріптерден құралған бос сөз емес, көңілімізді тебірентетін ұлы ұғым. Ана тілі-қара шаңырақтың есігін ашатұғын алтын кілт. Қазақ тілі қазақ барда мәңгі жасай бермек!