Биыл елімізде алғаш рет 10 тамыз Абай күні аталып өтілді. Бұл дата үкімет қаулысымен мерекелік күндердің тізбесіне ресми түрде енгізілді.
Мәдениет және спорт министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Абай күніне арналған 100-ден астам іс-шара өткізілді. Пандемияға байланысты барлығы онлайн форматта ұйымдастырылды. Мереке күні еліміздің барлық өңірлерінде кемеңгер ойшылды еске алу мақсатында гүл шоқтарын қою рəсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ұлы ақы¬ны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Егемен Қазақстан газетіне «Абай – рухани реформатор» атты мақала жариялады. Тоқаев бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармау керек екенін атап өтті. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатыр.
Ол Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырғанын еске салды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан, бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отырғандығын тілге тиек етті.